Центр дополнительного образования "Руханият"
Официальный интернет-ресурс

ЖЫР СҮЙЕР ҚАУЫМНЫҢ ЖАНЫНА ЖАҚҚАН КЕШ ӨТТІ

Бұл күні аудандық Мәдениет үйінің 300 адамдық үлкен залында ине шаншар жер табылмады.  Бәрінің аңсап келгені- жыр. Біреуі әріптесіміз, айтыстың ақтаңгері Дидар Қамидың тыңдарманы болса, енді біреулері шәкірттерінің дауысын естуге асығып келген.  Кеш шымылдығын ашқан аудан әкімі Ерлан Құсайын да бұл көрініске көңілі толып тұрғанын жасырмады. Жыр кешімен құттықтаған ел ағасы Қазақстанның бас жырауы Алмас Алматовты, қазаққа Дидардай ұл сыйлаған ардақты ана- Жанат Зекенқызын

жыр- терме сыныбының ашылуына орасан зор тер төккен Бауыржан Ермұхамбетовты ортаға шақырып, құрметін  білдіріп, иықтарына шапан жапты.

Ерекше ыстық ықыластарын облыстық білім беру басқармасының кеңесшісі Сәбит Қонтаев, аудандық білім беру бөлімінің басшы Ерқанат Ермек, облыстық мәслихат депутаты, ақын Айтбай Жұмағұлов та білдірді.

Жырға  шөлдеген халық үш сағатқа жуық тапжылмады.  Дидар ақынның шәкірттерімен қатар,  ауданның алты ауылында ашылған жыр- терме сыныптарының шәкірттері жырдан шашу шашты. 10 жылда 100-ден астам шәкірт тәрбиленсе, олардың арасынан топ жарғандары баба толғауын мәнерлеп оқып, бірнеше аспаппен жырлап айтып, айтысқа  да түсті, тіпті 4-5 тілде жырлап берді.

Көңілі толған көрерменді жыр- терме сыныбының түлегі, эстрада жұлдызы Ұланғасыр Қами  ел сүйер әндерімен қуантты.